Шалкиіз жас кезінен-ақ ер жүрек жауынгер әрі талантты жырау ретінде даңққа бөленді. Жігіттік шағы Ноғай ордасындағы Мұса бидің маңайында өткен. Кейіннен Үлкен Орданың әміршісі, Мансұрұлы Темір бидің және ноғайлы Жүсіп бидің төңірегінде, өмірінің соңғы кезін қазақ ханы Хақназар маңында өткізді. Жырау туындылары әсерлі, өткір, аз сөзге көп мағына сыйғызған сұлу сазды көркемдігімен ерекшеленеді. Шалкиіз шығармалары ой, мазмұн жағынан қисынды, жүйелі келеді. Мысалы, өлең жолдары бірінде аздау, кейбіреуінде көбірек он бір шумақтан тұратын “Би Темірге айтқаны” толғауын алайық. Кеше ғана Темір би сарайында шалқып жүрген өзі би, өзі батыр атақты жырауды бүгін тағдыр түзге тентіретсе, жыр дүлдүлінің бақ, мансабын көре алмаған орда маңындағы “күйбеңдескен көп жаман” жанындай санап, бек сенген Темір биді бұған қарсы қойса, жырау не демек, өз көңіл-күйін қалай жеткізбек!