Барыс тұяқты жануарларды, әсіресе, арқарды, тау текені, тау ешкілерін, еліктерді, ал құстардан ұлар мен кекіліктерді ұстап жейді. Қорегін негізінен іңірде немесе түнде аулайды. Қазақстандағы барыстың саны жүз сексен – екі жүздей. Олар негізінен Ақсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл қорықтары мен Алматы, Лепсі, Тоқты қорықшаларында мекендейді. Аулауға тыйым салынған, санының азайып кетуіне байланысты халықаралық және ұлттық «Қызыл кітапқа» (1996) енгізілген.