ХІV-ХV ғасырларда Сайрамға жақын маңда орналасқан Шымкент қаласы қауырт өсіп, тез дами бастады. 1425 жылы жазылған Шарафад-дин Али Иаздидің «Зафар-нама» шығармасында «Шымкент» атауы Сайрам маңындағы қыстақ ретінде ауызға алынады. Алайда кездейсоқ табылған тас қару бұл жерде адамның сонау тас дәуірінде – бұдан ондаған мың жыл бұрын пайда болғанын дәлелдейді. Ғалымдардың көрсетуінше, мұнда андроновшылар дәндік тары, бидай егіп өсірген, ірі қара мал ұстаған, қой баққан. Мыс пен қола металдарынан еңбек құралдарын – балта, пышақ, пішен шабатын шалғылар, қару-жарақ пен әшекейлер т.б. жасаған. Шымкент жерінде сақ тайпалары жасаған қола ұшты жебелер, қанжарлар тәрізді сақ қару-жарақтары табылған. Сақ ұрпақтары – кангюйлер б.з.д. І мыңжылдықта Сырдарияның орта ағысында аса қуатты Кангюй (Қаңлы) мемлекетін құра білді. Шымкент территориясында бірнеше елді мекендер болды. Олардың біразы қирағанмен, қазіргі автотұрақ территориясында, Шымкент фосфор зауытына жақын тұста және басқа да жерде табылғандарын мемлекет өз қорғауына алған. Моңғол дәуірінен кейін Шымкент ірі қалаға айналған. Оның қалдықтары – ескі қаланың қамалы қаланың орталығында, жақсы сақталған. Қамалдың пішіні доға тәрізді, жер бедерінен 25 м биіктікке бой созған. Доға көлемі 30-45 м, бұрыш-бұрышында мұнаралар байқалады, кіреберіс қақпасы оңтүстік беттегі қабырғада. Бөлекше Сібір корпусының тәржімашысы Филипп Назаров бекіністі былай сипаттайды: «…Бадам өзені бойындағы (қала) биік дөңес басына салынып, жарқабақты биік қабырғасымен көмкеріп тұр. Қалаға өзен жағынан бір атпен ғана жүріп өтетіндей тар жолмен кіруден басқа амал жоқ. Су қалаға қабырғадан ойып жасалған терезешелерден кіріп, қала ішінен қазылған арналарды толтырады, бірқатарына су-диірмен орнатылған. Үйлері қытайлардікі тәрізді, күйдірілген қыш кірпіштен қаланып, терезесіз салынған. Неге екенін қайдам, үй ішіне жарық түсу үшін барлық жерде есіктері ашық тұрады». Қамал тұрған жерді қазғанда, екі құрылыс ашылған, олардың бірі – ХІХ ғасырға, ал екіншісі –ХVІІ-ХVІІІ ғасырға жатады. Табылған қыш ыдыстардың ХVІІІ-ХІХ ғасырға жатқызылуы да мүмкін.
«Ырыс алды – ынтымақ» деген қағиданы басты назарда ұстаған қазақ халқы ел арасындағы ынтымақ-бірлікті, татулықты ерекше бағалаған. «Ынтымақты ел озады, ынтымақсыз ел тозады» деп, әлеумет арасында бірліктің сақталуына басымдық берген. Сондықтан қоғамдағы ынтымақты күшейтетін іс-шараларға қатты көңіл бөлген. Бір-бірінің жетпей жатқан жерлерін жалғап, қолынан келгенше жәрдем көрсетуге тырысқан. Сөйтіп, ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатын іс жүзіне асырған. Қазақ қоғамындағы ынтымақтың көрінісін біз жәрдем шараларында көреміз. Енді соларға тоқталып өтейік. Олардың кейбірі қазіргі күнге дейін сақталған.Мысалы, бұрынғы қазақ даласында жұртшылық деген әдет-ғұрып кеңінен тараған. Онда қарызға, шығынға батқан, одан шығатын жағдайы болмаған жақын-жұрағатқа ағайындары, ауылдастары көмектесетін. Бұл жәрдем ағайындардың мәслихат-кеңесінен кейін жасалады. Жұртшылық салты Алаш жұртының ауызбірлігінің, бір-біріне жанашырлығының айқын дәлелі.