Плита — платформа аумағындағы жер қыртысының ірі, бұрыс тектоникалық құрылымы. “Плита” терминін 1885 ж. австрия геологы Э.Зюсс (1831 — 1914) ұсынған. Плита іргетастан, аралық қабат және тыстан, екі ярустан: өте қатпарланған, аздап метаморфталған, әр түрлі интрузивтер кептелген құрылым түзетін төменгі қабат (щит), жазық жатқан, саяз теңіздік немесе құрлықтық шөгінділерден түзілген жоғары қабаттан тұрады (чехол). Жер қабығы литосфералық және мұхиттық Плиталар болып бөлінеді. Литосфера Плиталары құрлықпен жапсарлас құрлықтық қайраңдарды біріктіреді; екеуі бүтін Плиталар құрап, бірге жылжиды. Жердің қатты, бірақ осал орналасқан литосфера қабығы бірнеше Плитаға жіктеліп, ары-бері жылжып отырады. Жер сілкіну ошақтары осы қимыл шиеленіскен жапсарда орын алады. Плиталар қимылды, тұрақты болып бөлінеді. Қимылды Плиталарда тектоника құбылыстары айқын бүркеніш жабуының қалыңд. 8 — 10 км болады. Тұрақты Плиталарда тектоникалық қозғалыстар баяу байқалады. Тұран Плитасының едәуір бөлігі, Батыс Сібір Плитасының оңтүстік бөлігінің көпшілігі Қазақстан жерінде жатыр.