Жұмбақтас – Әулиекөлдің сол жағында, Көкше мен Теміртау тауларының айырығында орналасқан жартас. Пішіні пирамида тәріздес, жиектері дөңгеленген граниттен тұрады. биіктігі 18 м. Жұмбақтастың пайда болу тарихы туралы халық жадында сақталған аңызда:17-жастағы тұтқынға түскен қалмақ қызы Оқжетпес шыңынан Бурабай (ескі атауы Әулиекөл) комитене секіріп кетеді де, сұлудың түскен жерінен таңғажайып жартас пайда болған. Егер Жұмбақтасқа көгілдір шығанақтан қараса, қыздың бейнесі байқалады, ал қарама-қарсы жағынан қараса мыстан кемпірдің бейнесін көруге болады. Орыс тілді авторлар Жұмбақтасты «Сфинкс» деп атап кеткен.
Тойбастар - қыз ұзату, үйлену, т.б. тойларда айтылатын өлең түрі. Үйлену тойының ең соңғы күнінде жігіттер мен қыз-келіншектер жиналып, қоштасу кешін өткізеді. Сол кеште жастар жағы әр түрлі ұлттық ойындар ойнап, көңіл көтеріп өлең айтады. Той аяқталғанда тойбастар әні айтылады. Тойбастардың мазмұн-мақсаты той иесін мадақтап, отбасы құрғалы отырған екі жасқа игі тілек, бата, ақыл-кеңестер айту. Айтушының қабілетіне қарай жаттанды өлең түрінде де, жанынан шығарылып та айтыла береді. Өлең құрылысы, ұйқасы көбінесе қара өлең, жыр үлгісінде келеді. Тойбастар шілдехана, сүндетке отырғызу тойларында, үй-ішінің, ауылдың, қаланың басқа қуаныш-қызықтарында айтылады. Тойбастар жиын-тойдың аяқталғанын, бірақ қуаныштың алда да жалғаса беретінін білдіреді.