Ұялы телефон – сымсыз байланыстың ең озық та, қолжетімді түрі. Қазіргі кезде қалта телефоны зор маңызға ие болып үлгерді. Осыдан 5-6 жыл бұрын қалта телефоны маңызды жұмысы бар азаматтарда ғана болса, қазір екінің бірінде кездеседі. Тіпті мектеп табалдырығын енді аттаған жас жеткіншектердің өзі бұл телефоннның соңғы үлгідегі бағалысын ұстайды. Ұялы телефон біреумен кезігерде оңай тауып алуға, бір нәрсе жайында сұрай салуға, алыстағы ағайынның жағдайын біліп тұруға таптырмайтын құрал. Кішкентайлардың көпшілігіне қалта телефоны тек ойын ойнауға, әуен тыңдауға, бейнеклип көруге, ғаламторға кіруге т.б. керек. Ал көп ата-ана баласының қай жерлерде жүргенін біліп отыру үшін телефон алып береді. Бұл да бір жағынан дұрыс нәрсе. Адамдар телефонмен тек сөйлесіп қана қоймайды, ондағы күнтізбесін, оятқышын (будильник), еске салғышын (заметка), сағатын және т.б. пайдаланады. Айта берсең алақандай ғана телефонның мүмкіндіктері көп. Бірақ әлем ғалымдары ұялы телефонның адам ағзасына зияны көп деп дабыл қағуда. Ғалымдардың айтуынша, 10 жыл бойы күніне жарты сағат ұялы телефонмен сөйлескен адамдардың глиома дертіне шалдығу қаупі 40 пайызға дейін ұлғаятын көрінеді. Ұялы телефондардың электромагниттік сәулелері жүйке, эндокриндік және жыныстық аурулардың асқынуына әсер етеді. Эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сияқты дерттің де асқынуының негізгі себепкері де осы сымсыз телефон екен