Бәйтерек - ежелгі таным бойынша тылсым қасиетке ие алып ағаш. Бәйтерек байырғы орта түсінігінде жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш. Мұндай ағаш үлгісі дәстүрлі қауымда мықан ағашы, мырзатерек, әулие ағаш, сетер тал делініп, пішіні мен мәніне қарай әртүрлі аталған. Бәйтерек ежелгі түркі сөзі, бәй «үлкен» деген сөз, «бай» сөзінің дыбыстық өзгеріске түскен түрі (бәйбіше, бәйшешек), үлкен, алғашқы деген ұғымдарды, ал терек (парсы тілінде - дарақ) «ағаш» деген ұғымды білдіреді. Демек Бәйтерек екі сөздің бірігуінен жасалып, «зәулім ағаш» дегенді танытады.