Ғарышты игерген ел Ғарыш – алаштың да аяулы арманы еді…
Себебі ғарыш көгінде самғау, шексіздік әлемімен қауышу дүниежүзі елдерінің әрқайсысының-ақ асыл арманы саналатын. Солардың қатарында ежелден өр туған қазақ та ғарышқа құлшына қол созды. Армандады… Ел Тәуелсіздігінің қарсаңында сол арманына жетті де. 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышқа ұшты! Айта салғанға ғана сондай жеңіл сөз. Ғарышқа ұшу жеңіл болып па еді?! Жеңіл болса, Юрий Гагариннің өзі неге 2500 әскери үздік ұшқыштың арасынан іріктеліп, таңдалып алынды?
Тұңғыш қазақ ғарышкері суы тартылып, тұзды бораны үдеп тұрған Арал теңізінің аумағын сегіз күн бойы ғарыштан суретке түсірді. Сурет болғанда қандай! Мәскеу ол тұста «Наны көп Қазақстанға» ел аумағынан түсірілген көлемі 18х18см болатын ғарыштық суреттің бір данасын мемлекеттік бағамен 30 мың сомға сатқан! (Ол кездегі кеңестің 97 тиыны 1 АҚШ доллары екен.).
Ғарыштық тәжірибе жасауға бейім қазақ ғалымдарының кейінгі тәжірибелерін Талғат Мұсабаев ұзақ мерзімді ғарышта өткізген үш сапарында (1994, 1998, 2001 жылдар) ойдағыдай жүзеге асырды. Зерттеуші-ғарышкер кәдімгі бидай дәнінің клеткасына осы тектес әрі тұқымдас дақылдың ДНК-сын салып, генетикалық трансплантация жасады. Салмақсыздық жағдайында «буыны» босаған бөгде дақылға осылайша экспансиялық әрекет ету арқылы бірегей тәжірибе жасалынды.
Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласына қатысты тарихының жаңа парағы 2006 жылдың 18 маусымы күні ашылды.
Осы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық тұңғыш «KazSat» Жер серігі ұшырылды. Аса маңызды тарихи салтанатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты.Қараша айында «KazSat» жер бетіне жиілетіп телехабарлар таратып, жедел интернет-коммуникациялық қызмет үлгілерін көрсете бастады. 2007 жылдың аяғында да қазақстандық Жер серігіне жоспарланған жұмыстың 70 пайызы жүктеліп, ақаусыз әрі қалыпты жұмыс істеп тұрды.
Талғат Мұсабаевтың қамқорлығымен АҚШ азаматы Деннис Титоның халықаралық ғарыш кешенінде болып қайтуымен ғарыш саласындағы туризм дәуірінің басталғанын да көпшілігіміз білеміз. Талғат Мұсабаевтың ашық космоста болған уақыт мерзімінің ұзақтығына сәйкес Гиннестің рекордтар кітабына кіргені ше… Мұның бәрі де қазақ ғарышы тарихының жарқын беттерінен алынды!
Күні кеше ғана ғарышта болып қайтқан тағы бір қаһарманымыз – Айдын Айымбетов. Ол қазір Ұлттық ғарыш агенттігінде кәсібіне сай лайықты қызметін абыроймен атқаруда. Айдын Айымбетов – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген 1991 жылғы «Қазақстан-Ғарыш» жобасының бүгінгі заңды жалғастырушысы.
2-тапсырма. Мақаланы оқуға қалың көпшіліктің қызығушылығын тударатындай 50-60 сөзден тұратын аннотация жазыңыз. Аннотацияны жазуда төмендегі клишелерді қолданыңыз.
Клише: мақалада ... қарастырылады, мақала ... арналған, мақалада ... көрсетіледі, мақаланың негізінде ... жатыр, автор ... мәселелерге тоқталады, автор ... мәселелерін қозғайды, автордың/мақаланың мақсаты...
Тіл-қазына, мұра, күнделікті еңбек, тұрмыс, өмір сүру қаруы. XXI ғасыр табалдырығында тұрған осынау дүбірлі дүниеде өзіңді мойындатудың бір жолы бар. Ол тағылымды тарихыңды таныту, өрелі мәдениетіңді өрістету, озық ғылымыңды көрсету. Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұратын төрт қазық бар. Олар тілі, діні, саны және салт-дәстүрі. Осы төрт қазықтың ең маңыздысы-тіл. Ұлы Ахмет Байтұрсынов «Сөзі жоғалған халықтың өзі жоғалады» деп көрегендікпен айтып кеткен.
Егемендік алып, елдік қасиет, дәстүр салтымызды дәріптеп жатқан қазіргі уақытта «Туған жер- тұғырың, туған тіл қыдырың» деген ұлағатты сөзді қай кездегіден де жиі айтатын болдық. Жерсіз ел болмайды, тілсіз халық болмайды. Тіл бізге ана сүтімізбен бірге сіңеді. Бұрын жас ұрпақ тәрбиесінің түп қазаығы аталар мен әжелер болатын. Жас ұрпаққа иманжүзділіктің ұрығы әженің әлдиі мен атаның өнегесі арқылы сіңеді. Ана тілі*-халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Осы дүниедегі адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиын күйге түсер еді? Сондықтан тіліміз ана тілі атану үшін, күнделікті өмірде ұдайы қолданыста болуы тиіс.
Ал екінші бақытым- Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де
Қасиетті тілімнен түңілмедім, -деп Мұқағали атамыз жырлағандай ана тіліміз ешқашан ұмытылмайды. Тәуелсіздік тірегі-тіл. Демек, тіл мерейі үшін күрес-киелі күрес. Таудың кәусар бұлағы қандай таза болса, қазақтың тілі мен діні де сондай таза. Мен үшін ана тілім-Абайдың сөзі, Ақан серінің әні мен Құрманғазының күйі болып есептеледі. Тіліміздің өркендеуі үшін әр азамат үлес қосуы және ат салысуы тиіс.
Қорыта айтқанда, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде шын мәнінде үстем жағдай иеленіп келе жатыр, оны ұлтына қарамастан біздің еліміздің барлық азаматтары меңгеретін болады деп сенімдеміз. Тек қазақ жастары ғана емес, еліміздегі барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгеріп, Қазақстан Республикасын дүние жүзіне танытса екен демекпіз. Бұл үшін бізге төзімділік, белсенділік іс-қимыл қажет.
Елдің ертеңіне кепілдік болар жас буынның бойына сіңіріп, ойына руханиялықтың дәнін дер кезінде егу біздің парызымыз. Еліңді тану үшін –тіліңді білу керек емес пе ағайын!