Сан ғасырлар бойы небір қасіретті бастан кешсе де, ақын Ж.Молдағалиев жырлағандай, мың өліп, мың тірілсе де мойымаған қазақ халқы ұрпағының бас бостандығы, тәуелсіздігі үшін жан аямай күресті. Осы жолда ұлтымыздың аяулы тұлғалары, қайтпас қайсар батырлары жанын қиды. Әрине, олар бұл күнге жете алмаса да, өздерінің күрескерлік рухын, асқақ арманын болашақ ұрпақ жүрегіне жалғап, алғы күнге үміт артты. Міне, сол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы көксеген арманына, аяулы мұратына ХХ ғасырдың соңына қарай қолымыз жетті десек, сол ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап арманның жүзеге асқанына да бүгінде 20 жыл толып отыр. 20 жыл – тарих үшін қас-қағымдай ғана уақыт болғанымен, тәуелсіз Қазақ елі үшін ғасырдың жүгін арқалаған кезең болды. Иә, небәрі 20 жыл ішінде қазақ халқы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жетістіктерге жетті. Әрине, оның бәрі бізге оп-оңай келе салған жоқ. Тарихтың таңғажайып сыйы – Тәуелсіздікті баянды етуді басты мақсат санаған қазақстандықтардың еңбегінің, маңдай терінің арқасында ерен қиындық еңсерілді. «Балапанды күзде санайды» дейді орыс мақалы. Міне, бүгінде біз де толайым табыстарымызды саралайтын, алдағы бағындырар биігімізді межелейтін кезеңге келіп отырмыз. Иә, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі мерекесі, сөз жоқ, бүкілхалықтық ұлы мереке, ұлы той. Және солай болуы заңды да. Әйтсе де біздің қазақ осы бір айтулы шақта тек той тойлап жүретін болса, ұтылатынын жақсы біледі. Содан да әрқайсымызға алдағы арман-аңсарды да ойлап жүруді ұмытпауды ұғындырады.